«Ақмола облысы білім басқармасының Зеренді ауданы бойынша білім бөлімі Шағалалы ауылының жалпы орта білім беретін мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі
Коммунальное государственное учреждение «Общеобразовательная школа села Шагалалы отдела образования по Зерендинскому району управления образования Акмолинской области»

Біздің әлеуметтік парақшаларымыз

    

Ұйымдар тізімі

Галерея

Смотреть все>>>

Абай қарасөздерінің бала тәрбиесіндегі алатын орны

25.05.2020

 

Абай қарасөздерінің бала тәрбиесіндегі алатын орны

 

(Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына арналады)

 

 Қазақтың ұлы ақыны Абай атамыз өз ғұмырын тек өлең жазуға, орыс және басқа да тілдерден аудармалар жасауға арнамаған. Сонымен қатар публицистикалық шығармаларын, яғни "қара сөздерін" жазып қалдырғаны белгілі.

Қазақ әдебиеті тарихында ең алғаш жазба әдебиетінің негізін қалаған Ы.Алтынсарин болса, оны ары қарай жалғастырған Абай Құнанбайұлы болған. Ыбырай Алтынсарин көркем сөз әдебиетінің атасы болса, Абайдың қара сөздері ғақлиялық даналық сөздерден құралған. Абай өз қара сөздерін 1890-1898 жылдар арасында жазған, демек қара сөздерін жазуды бастағанда Абай 45 жаста болған. Ақыл-ойы толысып, жасы кемелденген, көрген-білгенін ой елегінен өткізіп, сараптар жасқа жеткен кезінде қара сөздерін жазуды қолға алған. Бұған дейін Шығыс ойшылдары Әл-Фараби, Фирдоуси, Бабыр, Батыс философ, ғалымдары Галилей, Коперник, Спенсер, Дарвин, Ньютон, Пифагор еңбектерімен танысып, үлкен дайындықтан өтіп келген.

Өзінің қара сөзді жазуды қолға алғандағы мақсатын Абай бірінші қара сөзінде атап көрсетеді: «Ақыры ойладым: осы ойыма келген нәрселерді қағазға жаза берейін, ақ қағаз бен қара сияны ермек қылайын, кімде-кім ішінен керекті сөз тапса, жазып алсын, я оқысын, керегі жоқ десе, өз сөзім өзімдікі дедім де, ақыры осыған байладым, енді мұнан басқа ешбір жұмысым жоқ» – деп қара сөздерін жазудағы мақсатын оқырмандарына түсіндіріп кетеді.

Ал енді қара сөздерінің біршамасы не жайлы жазылғандығын және өзім нендей нәрсені түйгенімді жазайын. Ең алғашқы қара сөзінде алдағы өмірінде нені кәсіп қылып, қайтіп өткізетіні жайлы талқылап, жазған. Ел бағу, мал бағу, ғылым бағу, софылық қылып дін бағу, балаларды бағып-қағу, жер ортасы жасқа келгенде бұлардың ешбірін кәсіп қылғысы келмеді. Осы уақытқа дейін қылып жүрген істерінің байлаусызын, баянсызын, барлығының қоршылық екенін 1-ші қара сөзінде атап көрсетеді. Қорытындысында ойына келген нәрселерді қағазға жазып, ақ қағаз бен қара сияны ермек қылуды жөн көреді: "Кімде-кім ішінен керекті сөз тапса, жазып алсын, я оқысын, керегі жоқ десе, өз сөзім өзімдікі дедім де, ақыры осыған байладым, енді мұнан басқа ешбір жұмысым жоқ", – деп ойын түйіндейді.  Жоғарыда айтылғандай ол өз өмірінде, жалпы қазақ елінің өміріндегі кемшіл тұстарды айқындап жазып, тіпті, қазақтардың бойындағы жаман қасиеттерді жіпке тізіп осыдан жиреніңдер деп өсиет етеді. Бір сөзінде мақтаншақтық жайлы сөз қозғаса, енді бірінде иман жайында жазады, ал енді бірінде қазақтарда кең қолданысқа ие болған алайда еш мағынасы жоқ, мағлұм болған мақалдарды сынай отырып оқырманға оның дұрыс бұрыстығын нұсқап көрсетеді. Қара сөздерінің қайсысы болмасын қазақты жақсылыққа, игі істерге шақырады, жамандық пен жалқаулықтан жирендіру үшін түрлі әдіспен сөздерден маржан тізіп әсерлі етуге барын салғандығы қай оқырманының да көңілінен шығады. Мектеп бағдарламасына да Абай атамыздың барлық қара сөздері мен өлеңдері енген, сонымен қатар ол кісінің өмірі немесе шығармашылығына арналған сыныптан тыс іс-шаралар, тәрбие сағаттары өтіп тұрады. Ол арнайы мектептің жоспарымен бекітілген. Ол сөздері арқылы біз балаларымызды еңбекке де тәрбиелей аламыз. Бала жүрегі адамдар үшін әсемдік пен қуаныш әкелу жөніндегі шақыруға сергек те сезімтал келеді.  Егер бала өзінің қасында адамдар бар екенін, өз мінез-құлқымен өзінің оларға қуаныш әкелетінін сезетін болса, онда ол кішкентай кезден өзінің тілегін адамдардың ынта қойған нәрсесімен ұштастыра білуге үйренеді. Бұл – қайырымдылық пен адамгершілікке тәрбиелеудегі өте маңызды нәрсе. Өз тілек-талабының шегін білмейтін адам ешқашан да жақсы адам бола алмайды. Өзімшілдер, сұғанақтар, басқа біреудің қайғысы мен ренішіне немқұрайлы қарайтын адамдар нақ осы балалық кезінде тек өз тілегін ғана біліп, ұжым мүддесіне назар аудармайтындардан шығады. Өз тілегіңді билей білу керек –былай қарағанда осынау ең қарапайым, ал істің шын мәнінде, адамның өте күрделі машық-дағдысына адамгершіліктің, сергектіктің, қайырымдылықтың, ішкі рухани тәртіптің қайнар көзі бар. Мұнсыз ар-ұят та болмайды, нағыз адам да болмайды. Ал осы арада тағы да адамгершілікті тәрбиелеудегі Абай атамыздың нақыл сөздері мен қара сөздерінің маңызын атап өту керек. Адамгершілік сенімдер, көзқарастар, дағдылар осылардың бәрі сезіммен тығыз байланысты. Сезім дегеніміз, бейнелеп айтқанда, жоғары адамгершілік қылықтар үшін сусындап нәр алатын бұлақ. Сергектік, қоршаған дүниені қабылдаудағы нәзік сезімталдық болмаған жерде без бүйрек, рақымсыз адамдар өсіп шығады. Адамның сергек, әсершіл, сезімтал болуы отбасынан және мектеп қабырғасынан басталады.  Сол себепті балаға сол кезден түсінікті тілмен түсіндіріп, Абайдың нақыл сөздерінің құдіреттілігін және оның өмірден алынғандығын мысал ретінде түсіндіріп отырмаса, өткеннің есесін ешқашан толтыра алмайсың. Абайдың қара сөздерінің мағынасын терең түсінген адам басқа адамның қуанышына, қайғысына, реніші мен қапалануына ортақтасуға ұмтылатын болады. Мектеп жасындағы балалардың жүрегі адамның жан күйзелісіне, қайғысына, уайымына, жалғыздығына ерекше сезімтал болады. Ал сезімтал бала тәрбиелеу – әр ата-ана мен ұстаздың міндеті. Жетінші, он жетінші, отыз төртінші қара сөздерінде адам жайлы сөз етеді. Сол сөздерін оқи отыра ізгі жүректілік, сергектік, сезімталдық, үн қосқыштық мектебі – достық, жолдастық, туыстық екенін түсіндім. Адам басқа біреудің бақыты, қуанышы, жан тыныштығы үшін бір нәрсе істегенде ғана басқа адамның ең нәзік жан толқуларын сезінетін болады. Бала кішкентай күнінен бастап анасына, әкесіне, әжесіне, атасына деген сүйіспеншілігі, егер ол қайырымдылық жасау рухымен суарылмаған болса, өзімшілдік сезімге айналады.  Ал бала жүрегіндегі нағыз адамгершілік махаббатты, басқа адамның тағдыры үшін мазасызданып, алаң болуды, қамқорлық жасауды тәрбиелеу керек.

Абайдың қара сөздері туралы бауырына салып тәрбиелеген немересі, Мағауияның қызы Уәсила былай дейді:

«Әкем балаларын 7-8-ге шыққанда оқуға беретін, балалармен қабат, қыздарын да оқытатын, қазақ тілінде кітап жоқ болатын. Сондықтан, балалардың ойы, дүние тануы кемшін болады деп әкем көп айтып жүрді. Әлі есімде, бір күні біздің оқып отырған үйімізге әкем келді. Молдаға қарап: «Балаларға мына кітапты әкелдім. Осыны көшіріп, көбейтіп бала басына бірден таратып бер, бүгіннен бастап осы кітапты қоса оқыт» – деді. Біз қуанып кеттік. Әкем үйден шыққан соң, молда әлгі кітапты алды да, бас салып оқыды, кітап қолжазба екен. Біз ол кітапты көшіріп алып оқи бастадық. Өйткені, бұл жаңа кітаптың тілі ұтымды, сөзі түсінікті, ыңғай ақыл айтып отыратын жақсы кітап болды. Кейін байқасам, сол кітап әкемнің «Ғақлия» атты қарасөзбен жазған кітабы екен».

Қара сөздерінде Абай әңгіме-сұхбат жанрының өзіндік ерекшелігін пайдаланады.

 «...Абайдың осы қарасөз дейтін мұралары көркем прозаның ішіндегі бір үлкен саласы десе де болады. Бұлар сюжетті шығармалар емес. Бұрынғы жазушылар қолданған естегі, мемуар да емес. Стиль мазмұн жағынан алғанда, осы шығармалар Абайдың өзі тапқан, бір алуан көркем сөздің түрі. Кейде бұлар сыншылдық, ойшылдық және көбінше адамгершілік, мораль мәселелеріне арналған өсиет, толғау тәрізді» – деп М.Әуезов те өз мүмкіндігіне қарай батыл да негізді пікірін білдіріп, бағасын береді.

«Пікірі жоқ адамнан қорық» деген шығыс даналығы бар. Әрбір адамның өзіндік мені, өз пікірі болуы керек. Абайдың қарасөзін тыңдай немесе оқи отырып, Абайдың айтқан пікіріне біздің тәрбиеміздің маңызы бар ма, жоқ па екенін біз ажырата алуымыз керек, тіпті, оқыған адам оны ажыратты да. Сонымен, бұл қара сөздердің адам тәрбиелеудегі маңызы өте зор. Сол себепті 9-11-сынып оқушыларына мектеп бағдарламасында «Абайтану» деген қолданбалы курс енгізілген. Онда оқушылар Абай атамызды түгел танып, әр қара сөзін, өлеңдерін талдап, өмірде қолдануға үйренеді.

Қорытындылай келе, біз ұлы ақынымыз Абай Құнанбайұлының дәуірінде айтып кеткен аталы сөздерінің әлі күнге дейін өз өмірімізге қажеттілігін ұғындық. Оның адамгершілікке баулыған, тәрбиеге негізделген қара сөздері арқылы рухани азық алдық, адамдық сипатта бой түзеуге тырыстық, сол сөздермен шәкірт, ұрпақ тәрбиелеп жатырмыз.  Демек, бұл ақынның халықпен бірге жасағандығы. Ақын мұрасы – халықтың сарқылмас асыл қазынасы. Әр қазақта тәлім алар ғибратты сөздер көп болғай... Абайдың өлеңдері өнеге, қарасөздері өсиет. Абайды тану арқылы біз әлемге қазақ елін танытамыз. Абай әрқашан біздің ұлттың ұраны болуға тиіс.

Сулейменова Нурбота Калиевна

«Шағалалы орта мектебі» КММ-нің

қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі

 



 

 

 

Просмотров: 398


Добавить комментарий



Включить данные в подпись

Текст